МЫРЗАШӨЛ ӨҢІРІНІҢ БІЛІМ ӘЛЕМІ

Қазақстан Республикасы
Он төрт жасқа толған балаларға, оқушыларға
және педагог қызметкерлерге арналған
«maqtaaral-bilim.kz» ғылыми желілік басылымы
  • 2.png
  • 3.png
  • temp.png

Құрметті достар!
Астана қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының мұғалімдері мен оқушыларына арналған «Мырзашөл өңірінің білім әлемі» атты арнайы maqtaaral-bilim.kz
Интернет-ресурсын ашып отыр.

Толығырақ...

"ЗЕРТТЕУШІ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ

Түркістан облысындағы Жетісай ауданының Асықата кентінде балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылым мүлдем қалыптастырылмаған

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2019 жылғы «Балалар және білім беру, бос уақыт және мәдени іс-шаралар» атты тақырыптағы Үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік грантын ұтып алған Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесі бекітілген жоспар бойынша биылғы 2019 жылғы шілде айынан бері Мырзашөл өңірінде жұмыс істеп жатыр.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңының 7-ші бабының 3-ші тармағына сәйкес жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерiнің бірі – балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу және тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңында атап көрсетілген жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерi Мырзашөл өңірінде қалай жүзеге асырылып жатқанын зерттеп, зерделеп жатырмыз.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 6-бабының (Білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті) 4-тармағының 9) тармақшасы бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңының 6-бабының (Білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреті) 5-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес қаладағы ауданның, облыстық, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі тірек мектептердің (ресурс орталықтарының) жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

«Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 14 маусымдағы № 228 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 4 маусымдағы № 254 бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 маусымда № 18796 болып тіркелді) бойынша балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлеріне:

1) мектепке дейінгі дамыту кешені (орталықтар, академиялар);

2) оқушылар сарайы (үйлер, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары);

3) жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталықтары, биологиялық орталықтары, экологиялық-биологиялық орталықтар);

4) жас техниктер станциясы (орталықтар, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектептері);

5) жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризмі орталықтары);

6) балалар аула клубы, балалар әскери-патриоттық клубы (клубтық бос уақытты қамту ұйымдары);

7) балалар өнер мектептері (балалар музыка мектептері, балалар көркемөнер мектептері, балалар өнер мектептері, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептері);

8) балалар сауықтыру лагерлері (орталықтар, кешендер, қала сыртындағы сауықтыру лагерлері және күндізгі, палаткалы, киіз үй лагерлері);

9) балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері;

10) олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі;

11) қызмет бағыттары және балалардың қызығушылықтары бойынша ұйымдар;

12) балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік орталықтар жатады.

Жоғарыда атап көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге сүйенсек, Түркістан облысындағы Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдері жергілікті мемлекеттiк атқарушы органның басшысы ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысуы, балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз етуі, ал Мырзакент, Атакент және Асықата кенттерінің әкімдері тірек мектептердің (ресурс орталықтарының) жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс.

Сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдері жергілікті мемлекеттiк атқарушы органның басшысы ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құруы және оларды қолдап отыруы тиіс.

Нақтылап айтсақ, Асықата өңірінде тұратын балалардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғауды өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес Жетісай ауданының әкімі жүзеге асыруға міндетті.

Біз Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мақұлдаған әлеуметтік жобада көрсетілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата өңірінде балалар және жасөспірімдерге арналған кітапханаларды және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелерді аралап, фотосуретке түсіріп алған едік.

 

Жетісай ауданындағы Абылай Әлімбетов атындағы саябақты аралап көріп, Асықата өңірі балаларына арналған осынай мәдени-демалыс мекемесінің әбден тозығы жеткеніне, көптен бері күтім көрмегеніне, бұл саябаққа балалардың келіп, ойнап-күліп, демалуы былай тұрсын, мұнда жүру ересек адамдардың өзі үшін де өте қорқынышты екеніне көз жеткіздік.

Біз жоғарыдағы мәселелер бойынша Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата өңірінде тұратын ұстаздар қауымымен және ата-аналармен сұхбаттасып, ой-пікірлерін білген едік.

Ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша, Асықата өңіріне балалар бассейні қажет. Мұнда жыл сайын жаз мезгілінде суға кетіп, қайтыс болған балалар өлімі тіркеледі.

Асықата өңірінде күннің ыстығы салдарынан ағыны қатты, қауіпті өзен-арықтардың суына түсіп, шомылатын балалар өмірінің қауіпсіздігін ескеріп, алдын-алу қайғылы жағдайлардың алтын-алу шаралары жасалмаған.

Асықата өңірінде он төрт жасқа толмаған балалардың мақталық және қауын-қарбыз, т.б. өсірілетін егістік алқаптарда, базарларда, сауда орындарында, асхана-кафелерде, ойын-сауық орталықтарында жұмыс істеуге тарту, балаларды оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін жұмыстарды орындауға қабылдау жағдайлары өте жиі кездеседі.

Асықата өңірінің бір бөлімшесінен екінші бөлімшесіне қатынап оқитын балалардың өмір қауіпсіздігі мүлдем ескерілмеген. Соның салдарынан автокөліктер көп жүретін күре жолдардан жаяу жолаушылардың өту үшін арнайы жолақты белгілер мен бағдаршамдар қойылмағандықтан, бірнеше рет балалар өлімі орын алған.

Асықата кентіндегі автожолдарға орнатылған бағдаршамдар өте аз, олардың саны бір-екеуден аспайды.

Жетісай ауданына тікелей қарасты жазғы лагерьлер жоқ. Аудан аумағынан тыс жерлердегі жазғы лагерьлерге баратын балалардың саны жалпы мектеп оқушыларының үлес салмағына шаққанда, өте аз.

Асықата кентінде орналасқан Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Асықата аймақтық балалар кітапханасы филиалының қазіргі орналасқан ғимараты өте тар және өте ескі, әбден тозығы жеткен.

Асықата өңіріндегі көп қабатты үйлерде балалар ойнайтын арнайы алаңдар жетіспейді және мектеп оқушыларының мектепке баратын жолдарына тас төселмеген, балалар мектепке көктемде шаң-топырақ, ал күз бен қыста лай-батпақ кешіп баруға мәжбүр болады.

Жетісай ауданының Асықата өңірінде мектепке дейінгі дамыту кешені (орталықтар, академиялар); оқушылар сарайы (үйлер, орталықтар, кешендер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталықтары); жас натуралистер станциясы (балалар экологиялық орталықтары, биологиялық орталықтары, экологиялық-биологиялық орталықтар); жас техниктер станциясы (орталықтар, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық мектептері); жас туристер станциясы (балалар-жасөспірімдер туризмі орталықтары); балалар аула клубы, балалар әскери-патриоттық клубы (клубтық бос уақытты қамту ұйымдары); балалар өнер мектептері (балалар музыка мектептері, балалар көркемөнер мектептері, балалар өнер мектептері, көркем-эстетикалық бағыттағы мектептері); балалар сауықтыру лагерлері (орталықтар, кешендер, қала сыртындағы сауықтыру лагерлері және күндізгі, палаткалы, киіз үй лагерлері); балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері; олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі; қызмет бағыттары және балалардың қызығушылықтары бойынша ұйымдар; балаларға арналған қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік орталықтар секілді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі белгілеген қосымша білім беру ұйымдары мүлдем құрылмаған.

Жоғарыда баяндалған мәселелерді анықтап, айқындау мақсатында 2018 және 2019 жылдар бойынша Түркістан облысы, оның ішінде Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы төмендегі мәселелер жайында егжей-тегжейлі толық ақпарат беруін сұрап, Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне және Түркістан облысының әкіміне арнайы хат жолдадық:

1) Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға және мемлекеттік білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қаржылай және материалдық көмек көрсетуге жұмсалған қаражат мөлшері;

2) Мектептер мен колледждерге бармайтын балалар;

3)  Босқындар мен мигранттардың балалары;

4) Білім беру ұйымдары жоқ елді мекендерден балаларды тасымалдауды ұйымдастыру;

5) Демалыс уақытындағы балаларды сауықтырумен, демалыспен және жұмыспен қамту;

6) Балалардың жұмыспен қамтылуы және балалардың қосымша білім алуға қажеттілігін айқындау;

7) Өңір үшін балалардың девиантты мінез-құлқына ықпал ететін себептер;

8) Жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан балалар, оның ішінде көп балалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар;

9) Білім алуға балалардың құқықтарының бұзылу себептері;

10) Балалар еңбегінің ең нашар түрлерінің алдын алу;

11) Жұмыс істейтін балаларды табыс салығын төлеуден босату;

12) Жұмыс істейтін ата-аналардың бірінің әрбір баласына бір балаға бір ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде салық салынатын жиынтық табыс мәселелері;

13) Балалар және жасөспірімдермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде мұражайлардың, кітапханалардың және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелердің ақпараттық-танымдық, шығармашылық және оқыту қызметін дамыту жөніндегі іс-шаралар;

14) Асықата өңіріндегі балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары;

15) Асықата өңіріндегі тірек мектептердің (ресурс орталықтарының) жұмысы.

2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының (Қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат) 2) тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайтынын ескере отырып, Заңнамаға сәйкес және белгіленген тәртіппен жоғарыда атап көрсетілген мәселелер бойынша тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардан ресми жауап күтеміз.

Қосымша анықтамалық ақпарат:

Асықата кентінің іргесі 1939-1940 жылдары Мырзашел даласын игеру кезінде қаланып, «Бағара» ауылы деп аталған, 1940-1962 жылдары Киров ауданының орталығы болса, 1962-1967 жылдары «Киров» ауылы, 1967-1995 жылдары Киров кенті болды.

1996 жылы аудан аты Асықата болып өзгеріп, орталығы – Асықата кенті болды.

1997 жылы Асықата ауданы таратылып, ірілендірілген Мақтаарал ауданына қосылған.

2001 жылдың 1 қарашасында Сырдария өзенінің үстінен жергілікті халыққа ерекше маңызы бар, ұзындығы 400 метрлік «Тәуелсіздік» көпірі және шағын 5 көпір пайдалануға берілді.

Қазақстанның Мырзашөл өңірін Шымкент қаласы арқылы қазіргі Түркістан облысының орталығымен және басқа аудандармен осы «Тәуелсіздік» көпірі байланыстырады.

Асықата кентінен Шымкент қаласына дейінгі қашықтық – 240 шақырым, ал Шымкент қаласынан – Түркістан қаласына дейінгі қашықтық – 170 шақырым.

Халқының саны 100 мың адамнан асатын Асықата өңірінің халқы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласына бару үшін Шымкент қаласы арқылы – 410 шақырым, ал Шардара ауданының аумағы арқылы бару үшін – 500 шақырымға жуық, ал барып, кері қайтып келу үшін 1000 шақырымға жуық жол жүреді.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «ҚазақАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының ресми мәліметтеріне сүйенсек, Шымкент қаласын Мырзашөл өңірімен байланыстыратын республикалық маңызы бар А-15 «Жизақ – Гагарин – Жетісай – Киров – Қызыл әскер – Абай – Сарыағаш – Жібек жолы» автожолының 144-175 шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмыстары 2019 жылғы мамыр айында басталып, 2019 жылғы қазан айының аяғында аяқталады деп жоспарланған.

«ҚазақАвтоЖол» Ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалының ресми мәліметтері бойынша А-15 автожолын орташа жөндеу жұмыстарына келесі жұмыстар кіреді: жол негізін суық ресайклер әдісімен жасау қалыңдығы – 15 см, жол жамылғысын асфальтобетон қоспасымен жасау қалындығы – 7 см, жаяу жүргіншілер жолын салу – 2,3 шақырым, жолды жарықтандыру – 23 шақырым және автобус аялдамаларын орнату – 7 дана.

Телімнің жалпы ұзындығы – 31 шақырымды құрайды. Жөндеудің жалпы соммасы – 1 265 млн. теңге.

Бүгінде жолаушылар аталған автожолдың «Абай – Қызыл әскер» учаскесінен өту үшін қосымша 35-40 шақырымдай жерді айналып өтуге мәжбүр болып отыр.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектері бойынша тиісінше қажетті құжаттар дайындалып, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстіктегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» қаулысының жобалары жарияланған болатын.

Жоғарыда аталған маңызды ресми құжаттардың жобаларында және ғалымдардың ғылыми сараптамалық ұсыныстарында Мырзашөл өңіріндегі 1997 жылы бір ауданға біріктірілген үш ауданды да – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын бұрынғы тарихи қалпына келтіре отырып үш аудан етіп қайта құру – қазіргі уақыт талабы екені, өйткені қажетті ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу, қадағалау, бақылау, халыққа қызмет көрсету тиімділігі артатыны ерекше атап көрсетілген еді.

Сарапшы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Аймақтық экономика мәселелері» Ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор А.М. Есиркепова қол қойған ғылыми сараптамалық актісінде баяндалған тұжырымдарға сүйенсек, саяси тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бұрынғы Асықата ауданының ашылмай қалуы салдарынан Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде, әсіресе, шалғайда орналасқан аймақтарда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешудегі оң өзгерістер өте баяу жүргізіліп жатыр.

Халық санының көптігіне байланысты елді мекендерді жедел басқаруда да көптеген қиындықтар туындап отыр. Бұл жағдай, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың жедел дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі талапқа сай күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отыру мен қордаланып қалған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуде қолбайлау болатын жағдайлар көбейіп, қиындықтар туғызуда.

Қарапайым халық кейде қажетті анықтамаларды немесе басқа да құжаттарды алу үшін сонау шалғайдағы елді мекендерден әуре-сарсаңға түсіп, қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласына қатынауына тура келіп отыр. Бұл ретте жұртшылық аудан орталығына бару үшін алдымен бұрыннан қалыптасқан бұрынғы аудан орталығы Асықата кентіне жетіп, содан кейін ғана Жетісай қаласына қатынап жүр.

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына және аймақтың экономикалық дамуына болжамдық сараптама жасаған ғалымдар мен білікті сарапшы-мамандардың 1997 жылы бір ауданға біріктірілген бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының үшеуін де қайта қалпына келтіру қажеттігі туралы жоғарыда баяндалған ұсыныстары мен қорытындыларына қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы сол кездегі экономикалық қиындықтардың салдарынан уақытша бір ауданға біріктірілген Мақтаарал және Жетісай аудандары 2018 жылғы 5 маусымда қайта ашылды да, ал Асықата ауданы құрылмай қалды, тарихи қалпына келтірілмеді.

Осыған байланысты Мырзашөл өңірінің халқы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлықпен таратылған Асықата ауданын қайта ашып беруді өтініп отыр.

Егер Мырзашөл өңірін игеру жұмыстары қарқынды жүргізілген тұста – сонау 1940 жылғы 10 қарашадағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының арнайы Жарлығымен құрылған, келесі жылы шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын, өкінішке қарай, 1997 жылы жабылып қалған Асықата ауданы қайтадан құрылатын болса, онда Мырзашөл өңіріндегі аймақтарды басқару жүйесінің сапасы артып, тиісінше мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтен, облыстан келген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау да жақсара түсер еді.

Асықата ауданының қайта ашылуы Мырзашөл өңіріндегі елді мекендердегі халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттерін жедел және сапалы шешуге септігін тигізер еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының құрамына 100 мыңға жуық халықты қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 103 мыңнан астам халық, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды, ал Жетісай ауданының аумағы 55 992 гектарды құрайтын еді.

Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміз экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін беріп, соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еді.

Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай ауданында қалатындықтан, қосымша бюджет шығындары орталығы Асықата кенті болатын Асықата ауданын ашуға жұмсалатын еді.

Халық сонау 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып, қайта ашылмай қалған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта құруды сұрап отыр.

Асықата ауданы қайта ашылса, Мырзашөл өңірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті жастар жұмыссыздықтан арылып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы, сонымен бірге балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыру жағдайы да жақсара түсер еді.

 

 

Ескерту:

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мақұлдаған әлеуметтік жобада көрсетілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Асықата өңірінде балалар және жасөспірімдерге арналған кітапханаларды және мәдени-демалыс үлгісіндегі мекемелерді, Асықата өңірі балаларының ойнайтын, суға түсетін орындарының және күре жолмен өтетін жерлерінің қазіргі хал-ахуалын бейнелейтін фотосуреттерді ұсынып отырмыз.

 

Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» жеке меншік мекемесінің және «Kásiptik baǵdar» медиабілім ғылыми орталығы» мекемесінің директоры.

 

Кез келген материалды пайдалануға zertteushi.kz Интернет-ресурсына сілтеме жасалғанда ғана рұқсат етіледі.

ПАЙДАЛЫ СІЛТЕМЕЛЕР

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ
РЕСМИ САЙТЫ

Л.Н. ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ
ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

Қ.А. ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ
ҚАЗАҚ-ТҮРІК УНИВЕРСИТЕТІ

"ДАРЫН" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ
ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ

"МӘҢГІЛІК ЕЛ ЖАСТАРЫ - ИНДУСТРИЯҒА"
БАҒДАРЛАМАСЫ